
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Саболч Карой Сёкемен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында тараптар Алматы мен Венгрия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік, білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Венгрия Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі екені атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Венгрия арасындағы тауар айналымы 106 млн АҚШ долларын құрады. Тараптар фармацевтика, агроөнеркәсіп кешені, жасыл технологиялар, цифрландыру және қалалық инфрақұрылым салаларында өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті.
Инвестицияларды тарту және екі елдің кәсіпкерлік топтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар туризм, білім беру және ғылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын да қарастырды.
Алматы мен Венгрияның жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығы бөлек атап өтілді. Венгрия тарапы Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша қазақстандық студенттерге білім гранттарын беруді жалғастыруда, бұл гуманитарлық байланыстарды дамытуға және білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіріп, Алматы мен Венгрия арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға бағытталған жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және өзара мүдделі бірлескен жобаларды ілгерілетуге өзара қызығушылық расталды.
Дереккөз: Almaty.tv