10 шілдеден бастап Қазақстанның республикалық автожолдарының төрт ақылы учаскесінде қозғалыстың орташа жылдамдығын бақылау жүйесі жұмыс істей бастайды. Жаңашылдық жолдардағы апаттылықты азайтуға және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, бақылау екі бағытта да келесі учаскелерде жүзеге асырылады: Ақтөбе – Қандыағаш; Алматы – Хоргос; Көкшетау – Петропавл; Астана – Теміртау (Аршалы – Ошағанды учаскесі).
Кәдімгі бір нүктеде жылдамдықты тіркейтін камералардан айырмашылығы, жаңа жүйе екі бақылау пункті арасындағы бүкіл учаскеде автомобильдің орташа жылдамдығын есептейді. Бұл жүргізушінің тек камера алдында ғана жылдамдықты азайтып, содан кейін белгіленген лимиттен асып кету жағдайын болдырмайды.
«ҚазАвтоЖол» жаңашылдықтың басты мақсаты айыппұлдар санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті. Компанияның деректері бойынша, жылдамдықты асыру ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жол белгілеріне назар аударуға және сапарларын алдын ала жоспарлауға шақырды.
Дереккөз: Inalmaty.kz