
Алматы тауларында құтқарушылар шетелдік туристі эвакуациялады. Ол Үлкен Алматы көлі маңында теңіз деңгейінен шамамен 2 500 метр биіктікте тізесін жарақаттаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көмекке 1990 жылы туған Қытай азаматы жүгінген. Таулы жерде жүрген кезде ер адам тізесін жарақаттап, өз бетімен түсе алмаған.
Сигнал түскен соң оқиға орнына Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметінің қызметкерлері мен медициналық апаттар орталығының бригадасы жіберілді.
Берілген геолокацияның арқасында құтқарушылар туристің орналасқан жерін жедел анықтап, күрделі таулы рельеф жағдайында оған жетті. Зардап шеккенге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қауіпсіз түсу ұйымдастырылды.
Эвакуациядан кейін туристі медициналық апаттар орталығының дәрігерлеріне қосымша тексеру және қажетті медициналық көмек көрсету үшін тапсырды.
Дереккөз: Inalmaty.kz