Алматыда Қазақстан-Тайланд бизнес-форумы өтті, оған Тайланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткео, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара Қазақстан мен Тайланд арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында өтті. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен өзара іс-қимылды кеңейту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Құттықтау сөзінде Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдерін қоса алғанда, әлемнің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарымен байланыстарды нығайтудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін айтты.
«Бүгін біздің алдымызда сауда қатынастарын дамытып қана қоймай, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, технология алмасу және озық халықаралық тәжірибені тарту үшін жағдай жасау міндеті тұр», – деді Алматы әкімі.
Алматы әкімі қаланың экономикалық әлеуетін таныстырып, тай компанияларымен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын атады. Олардың қатарында – қалалық инфрақұрылымды дамыту, туризм, цифрлық технологиялар, Smart City, өнеркәсіптік кооперация, логистика және тамақ өнеркәсібі.
Дархан Сатыбалды Алматы ел экономикасының едәуір бөлігін қалыптастыратын және шетелдік компаниялардың Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығу алаңы болып табылатын еліміздің ірі экономикалық орталығы екенін атап өтті.
Форум аясында Қазақстан мен Алматының инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерлері, сондай-ақ екі елдің бизнес өкілдері арасында кездесулер өтті.
Іс-шараға девелопмент, цифрлық шешімдер, азық-түлік өндірісі, логистика және инновация салаларында жұмыс істейтін жетекші тай компанияларының басшылары қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Тайланд арасындағы тауар айналымы 130 млн АҚШ долларына жетіп, 7,1%-ға өскенін атап өткен жөн. Қалада тай капиталының қатысуымен 24 кәсіпорын тіркелген.
Форум Қазақстан мен Тайланд арасындағы жаңа бірлескен жобаларды талқылау және іскерлік байланыстарды нығайту алаңына айналды.
Дереккөз: Almaty.tv