
Алматыда белгісіз ер адам газ кілтімен салонға кіріп, әкімшіні жуынуға орын талап етіп, «а вдруг я кого-то убил?» деп қорқытқан. Оқиғаның мән-жайын мекеме иесі, заңгер Анна Чернова әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Чернованың айтуынша, ер адам ресепшенге келіп, ультиматум түрінде жуынатын орын талап еткен. Әкімші оны кетуін сұрағанда, ол «а вдруг я кого-то убил?» деп жауап берген. Қорқып кеткен қызметкер дәретхананың есігін көрсеткен. Ер адам жуынып, салоннан шығып кеткен. Әкімші дереу 102 пультіне хабарласқан. Келген полиция қызметкерлері ер адамның ұсталғанын және оның қасында пышақ болғанын айтқан.
«Администратор вежливо попросила его уйти, но в ответ он сказал: «а вдруг я кого-то убил?». Испугавшись, девушка указала на дверь уборной. Мужчина помылся и после этого покинул салон. Администратор незамедлительно позвонила на пульт 102. Приехавшие сотрудники полиции сообщили, что мужчина задержан и при нем, говорят, был еще нож», – деп жазды Анна Чернова.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаны растап, ер адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, бұзушы мас күйінде болған, ал қолы мен киіміндегі қан оның өзінікі – алдын ала тексеру оның өзіне дене жарақатын өзі салғанын көрсеткен. Қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасы оқиғаның мән-жайын толық зерттеп, ұсталған адамның әрекетіне құқықтық баға бермек.
Дереккөз: Zakon.kz