
Алматыда халықаралық семинар өтті, онда Қытайдың ауа сапасын жақсарту тәжірибесі талқыланды. Қытайда PM2.5 деңгейі 10 жылда 64% төмендеген, ал экономика 61% өскен, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шараны Almaty Air Initiative ұйымдастырды, Алматы даму орталығы қолдау көрсетті. Семинарға Қытай экологиялық ғылымдар академиясы (CRAES) мамандары және қалалық экология басқармасы өкілдері қатысты.
CRAES мәліметінше, 2013 жылдан бастап Қытайда PM2.5 бөлшектерінің деңгейі 64% төмендеген, ал экономика 61% өскен. Қытай сарапшыларының пікірінше, «бұл экологиялық саясат пен экономикалық даму қатар жүре алатынын көрсетеді».
«Біз мәселенің ауқымын деректер арқылы көрдік: ластану 1,3 млн шаршы шақырымға дейін жетті, эпизодтар үш аптаға созылды, концентрация 500 микрограмм/текше метрге жетті. 2013 жылы күнделікті мониторинг және нақты көздерге бағытталған ұлттық жоспар іске қосылды. Жұмыс негізгі секторлар – энергетика, өнеркәсіп, көлік және жылыту бойынша жүргізілді», – деді академия вице-президенті Куан Чжан Джюнь.
Семинар қатысушылары Алматыда қолдануға болатын шешімдерді атады: таза отынға көшу, өнеркәсіпті жаңғырту, автопаркті жаңарту, экологиялық стандарттарды қатаңдату және шаң шығарындыларын бақылау. Жаңа ережелер 2025 жылғы желтоқсанда қабылданған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына негізделген.
Дереккөз: Almaty.tv