
24 сәуір 2026 жылы Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында кітапхана саласы мамандары үшін «KitapHack» республикалық хакатоны өтті. Шараға еліміздің барлық өңірінен кітапханашылар қатысты. Хакатон кітапхана ісін цифрлық форматта қайта қарауға және жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға арналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қатысушылар командаларға бірігіп, заманауи кітапхана моделін қалыптастыруға, цифрлық құралдар есебінен қызмет аясын кеңейтуге және инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған жобалармен жұмыс істеді.
Әр команда өз жобасын таныстырып, талқылау және пікір алмасу өтті. Бұл кітапхана қызметтерін дамыту мен салаға цифрлық технологияларды енгізу бойынша жаңа идеяларды ұсынуға мүмкіндік берді.
Шара аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері театрландырылған қойылым көрсетіп, бағдарламаны толықтырды. Көркем номер кітапхана кеңістігінің мәдени-шығармашылық әлеуетін айқындап, ерекше атмосфера сыйлады.
Шетелде біліктілігін арттырған жас кітапхана басшыларының сөз сөйлеуіне ерекше көңіл бөлінді. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, кітапхана ісін дамытудың заманауи цифрлық және практикалық бағыттары туралы айтты.
Хакатон қорытындысы бойынша командалар «Ұшқыр идея», «Креативті идея», «Техникалық шешім», «Инновациялық жоба», «Әлеуметтік әсері жоғары жоба» және «AI негізіндегі сапалы шешім» номинацияларында марапатталды.
Атырау қалалық кітапханасының кітапханашысы Жайнар Ардаққызы шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп: «Іс-шара жоғары деңгейде өтті. Біз әртүрлі өңірлерден келген әріптестерімізбен танысып, пікір алмасып, кітапхана саласын дамыту бағыттарын талқыладық. Болашақта осындай мазмұнды және кәсіби маңызды шаралар жиі өтеді деп үміттенемін», — деді.
Дереккөз: Almaty.tv