Алматыда полиция рейд кезінде қала тұрғынынан 2018 жылдан бері ұрланған деп есептеліп келген мылтықты тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданы полиция қызметкерлері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде азаматтық қаруды сақтау ережелерін тексерген.
«Қару сейфтерінің бірін тексеру кезінде тіркелген мылтықтардан бөлек, тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы мылтығының кесіндісі табылды. Иесінің айтуынша, қаруды биыл көктемде Іле өзенінің бойында аң аулап жүріп тауып алып, үйіне апарып, сейфте сақтаған, бірақ бұл туралы полицияға хабарламаған және ерікті түрде тапсырмаған», — делінген хабарламада.
Полиция дерекқорындағы тексеру мылтықтың 2018 жылдан бері ұрланған болып есептелетінін және бұрын тіркелген қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде өтетінін көрсеткен. Қару тәркіленіп, сот-баллистикалық зерттеу тағайындалды, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
«Табылған қаруды өзіңізде қалдыруға немесе тасымалдауға болмайды. Мұндай табылған жайт туралы дереу полицияға хабарлау қажет. Қаруды заңсыз сақтау жауапкершілікке әкеп соғады, ал уақтылы хабарлау ықтимал қылмыстардың алдын алуға көмектеседі», — деп ескертті полиция.
Дереккөз: Nur.kz