
Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар мен пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева наградалардың мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің адал еңбегі, кәсіби берілгендігі және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары баға екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауы тек наградалармен шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Президент атынан Астанада мәдениет және өнер қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. Биыл бұл игі бастама Алматыда жалғасуда. Мұндай қолдау – шығармашыл адамдардың еңбегіне деген нақты бағаның айқын мысалы. Бүгін сіздерге табысталған жаңа пәтер кілттері – еліміздің игілігі үшін адал еңбек еткендеріңізге құрмет пен алғыс белгісі. Осы үйлер отбасыларыңызға береке, бақыт және шығармашылық шабыт әкелсін. Барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты назар аударып, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Аида Балаева.
Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне 60 пәтер кілті табысталды. Тұрғын үй қолдауын алғандар қатарында жетекші театрлар, музыкалық ұжымдар, білім беру мекемелері, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар, баспа және әдебиет саласының өкілдері, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандар бар.
Кеше бес адам Президенттің қолынан тұрғын үй сертификаттарын алды: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі Нұрболат Нұралиев (19 жылдан астам еңбек өтілі) үш бөлмелі пәтер, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының оқытушысы Сания Оспанқұлова (24 жылдан астам еңбек өтілі) үш бөлмелі пәтер, Республикалық академиялық неміс драма театрының әртісі Игорь Попов екі бөлмелі пәтер, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Анар Әділова (15 жылдан астам еңбек өтілі) үш бөлмелі пәтер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Арай Асқар (14 жыл еңбек өтілі) үш бөлмелі пәтер алды.
Ал бүгін Алматыда Президент атынан Аида Балаева тағы 55 мәдениет қайраткеріне пәтер кілттерін табыстады. Олардың арасында: Жамбыл атындағы Қазақ ұлттық филармониясының бас дирижері Қанат Омаров (16 жылдан астам еңбек өтілі) екі бөлмелі пәтер, Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының драма әртісі Ділшат Аманбаев (22 жылдан астам еңбек өтілі) екі бөлмелі пәтер, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті Ислам Хамзаев екі бөлмелі пәтер, Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Ирина Арнаутова (33 жыл еңбек өтілі) екі бөлмелі пәтер, Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Артем Селезнев екі бөлмелі пәтер, Жамбыл атындағы Қазақ ұлттық филармониясының концертмейстері және оркестр солисті Абай Қойшыбаев (19 жылдан астам еңбек өтілі) екі бөлмелі пәтер, Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының жоғары санатты әртісі Константин Пак екі бөлмелі пәтер, жазушы әрі ақын Жандос Әлімбетов екі бөлмелі пәтер алды.
Дереккөз: Almaty.tv