...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

20 мың алматылық оқушы жаңа оқу жылына дайындыққа көмек алады

Алматыда жаңа оқу жылына дайындық аясында 20 мың оқушыға қайырымдылық көмек көрсетіледі. Болжам бойынша, қосымша 8160 бала қамтылады, оның 3968-і қазірдің өзінде қолдау алған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Бөлінген қаражатты оқушылар мектеп формасын, киім, рюкзак және кеңсе тауарларын сатып алуға жұмсады.

Отбасыларға балаларды оқу жылына дайындау оңайырақ болуы үшін қалада мектеп тауарларының 18 жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ата-аналар онда қажетті кеңсе тауарларын, киімдерді және мектепке арналған басқа да заттарды сатып ала алады.

Түрлі себептермен білім процесінен тыс қалуы мүмкін балаларға ерекше назар аударылады. Акция аясында оқудан жалтарып жүрген кәмелетке толмағандарды, балалар еңбегі фактілерін және басқа да проблемалық жағдайларды анықтау бойынша рейдтер жүргізіледі.

Бүгінгі таңда Алматыда мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Оларға білім беру жүйесінің өкілдері, қорғау органдары, полиция, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымдастығы және БАҚ қатысады.

Мемлекеттік қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардың оқушыларына, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайда жүрген балаларға қарастырылған.

Төлем алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың оқу орны бойынша білім беру ұйымына жүгініп, тиісті құжаттарды ұсынуы қажет.

«Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Оның басты мақсаты – мұқтаж әрбір баланы қажетті мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету және оқу жылының басталуына тең мүмкіндіктер жасау.