
Алматыда онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысы күшейтіліп жатыр. Алматы онкологиялық орталығында меланома, тері қатерлі ісігі және қалқанша безі ауруларының алдын алу мен ерте диагностикасына арналған ашық есік күні өтті. Онколог дәрігерлер 179 адамға кеңес беріп, науқастардың бір бөлігі қалқанша безі мен жұмсақ тіндердің ультрадыбыстық зерттеуінен өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша бес науқаста тері қатерлі ісігіне күдік анықталған. Олар диагнозды нақтылау және одан әрі емдеу тактикасын анықтау үшін қосымша диагностикаға жіберілген.
— Тексеру қорытындысы бойынша бес науқаста тері қатерлі ісігіне күдік анықталды. Олар диагнозды нақтылау және одан әрі емдеу тактикасын анықтау үшін қосымша диагностикаға жіберілді, — деді Алматы онкоорталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Ақбота Әділова.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте анықтау — табысты емнің негізгі факторы. Скринингтік бағдарламалардың дамуы мен диагностикалық қызметтердің қолжетімділігінің артуы арқасында аурулардың көбі ерте сатыда анықталып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы биылғы жылдың алғашқы төрт айында Алматыда алғаш рет анықталған онкологиялық ауруы бар 1962 науқас есепке алынғанын хабарлады. Бұл көрсеткіштің өсуі скринингтік бағдарламалардың күшеюіне және диагностикалық тексерулермен қамтудың кеңеюіне байланысты.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы бес жылда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 14% төмендеген. Аурушаңдық құрылымында сүт безі қатерлі ісігі, колоректалды қатерлі ісік, өкпе қатерлі ісігі, асқазан қатерлі ісігі және жатыр мойны қатерлі ісігі ең үлкен үлесті алады. Ал өлім-жітім құрылымында өкпе қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Қазақстанда өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау үшін жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі де талқылануда.
Дереккөз: Inform.kz