Алматыда көпқабатты үйлердегі жылу құбырларының бітелуі пәтерлердегі батареялардың суып қалуына әкелуі мүмкін, ал мұндай мәселені шешу басқарушы ұйымның, КСК немесе ПИК-тің құзыретінде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мамандардың түсіндіруінше, жылу тұрғысы — көпқабатты үйдің қабаттары арқылы өтетін және жылу жүйесінде ыстық судың айналымын қамтамасыз ететін тік құбыр. Ол бітелсе, ыстық су құбырлардан нашар өтеді, соның салдарынан батареялар әлсіз жылытуы немесе мүлдем суық болуы мүмкін.
Жылу тұрғылары ортақ үй мүлкіне жатады. Оларға қызмет көрсету мен жөндеу үшін пәтер иелерімен бірлесіп басқарушы ұйым жауапты.
Уақыт өте келе құбырлардың ішінде тот пен кір жиналып, қуысты тарылтып, су айналымына кедергі келтіруі мүмкін. Жөндеу кезінде құбырлар дұрыс ауыстырылмаса немесе диаметрі тарылтылса да мәселе туындауы ықтимал. Бұл бір пәтерге ғана емес, көрші пәтерлерге де әсер етуі мүмкін.
Егер пәтердегі батареялар суып немесе нашар жылыта бастаса, басқарушы ұйымға, КСК немесе ПИК-ке жүгіну қажет. Мамандар жүйені тексеріп, қажет болса жуу жұмыстарын жүргізеді немесе құбырдың зақымдалған бөлігін ауыстырады.
Бұған дейін қаланың барлық сегіз ауданында тұрғындар жылыту ақаулары мен мәселелері бойынша жүгіне алатын жауапты мамандар анықталғаны хабарланған болатын. Байланыс телефондарының тізімін осы сілтеме арқылы табуға болады.
