Қырғызстан астанасы Бішкекте Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) XV пленарлық отырысы өтті, онда Қазақстан делегациясы ТүркПА елдеріне арналған үлгілік Цифрлық кодексті әзірлеу бастамасын көтерді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Кездесуде Айбек Дәдебай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізді. Тараптар түркі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Негізгі отырыс қарсаңында Жогорку Кенеш Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесу өтті. Айбек Дәдебай қырғыз әріптестеріне қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынасты Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес, достық тобы және салалық комитеттер аясында одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Жасанды интеллект және технологиялық прогресс дәуіріндегі түркі әлемінің парламентаралық ынтымақтастығы» тақырыбына арналған отырыста Құрылтай Төрағасы бұл талқылаудың биыл Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде көтерілген бастамалармен үндес екенін атап өтті.

– Бұл жасанды интеллект пен заманауи технологиялар мәселелерінің түркі әлемінің ортақ күн тәртібінде ерекше орын алатынын көрсетеді. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі елдерінің IT-хабтар желісін және Астанадағы Alem.AI базасында Жасанды интеллект орталығын құру бастамасының маңыздылығын атап өтті. Бұл жобалар елдеріміздің технологиялық әлеуетін біріктіріп қана қоймай, ортақ цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұндай тетіктер ынтымақтастықты декларативті деңгейден нақты практикалық нәтижелерге көшіруді қамтамасыз етеді, – деді Айбек Дәдебай.
Құрылтай Төрағасы қатысушыларды Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан ұсынған бастамаларды қолдауға шақырды. Олардың қатарында логистикалық әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа технологиялар мен ортақ цифрлық шешімдерді ілгерілету үшін цифрлық мониторинг және цифрлық инновациялар орталықтарын ашу, сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің киберқауіпсіздік жөніндегі кеңесін құру бар.

Айбек Дәдебай Қазақстанда цифрландырудың стратегиялық басым бағыт екенін, ал 2026 жылды Президент «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын атап өтті. Ол әріптестерімен жаңа Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы аясындағы заңнамалық тәжірибемен бөлісті.
Сонымен қатар Қазақстанның цифрландыру саласындағы жобалары таныстырылды: заң шығару жұмысын «e-Quryltai» платформасына көшіру, өңірдегі ең қуатты екі суперкомпьютерді іске қосу, «GovTech» инфрақұрылымын дамыту, AI-Sana бағдарламасы арқылы азаматтарды оқыту, Astana Hub кластері мен Qazaq AI Research University базасындағы білім беру жобалары және басқа да бастамалар.
