...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

Ұлттық домбыра күні: Алматыда мерекелік концерт өтті

Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Таңертеңнен бастап саябақ қонақтарға толды. Мерекеге қала тұрғындары мен қонақтары, балалы отбасылар, жастар және егде буын өкілдері келді. Бірі концерттік бағдарламаны тамашаласа, балалар фонтаның жанында жазғы ыстықтан қашып, қуанышты уақыт өткізді.

Келушілер үшін түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, басты сахнада ұлттық киім киген әртістер қазақ ұлттық музыкасының туындыларын орындады. Концерттік бағдарламаға дәстүрлі музыка өнерінің алтын қорын құрайтын халық күйлері мен әндері, сондай-ақ отандық композиторлардың шығармалары енді. Көрермендер ұлттық музыканың шебер орындалуын тамашалап, қазақ халқының бай рухани мұрасымен танысты.

Мерекелік концерттің басты қатысушысы — Қазақстан тарихындағы алғашқы кәсіби ұлттық музыка оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі болды. Сондай-ақ сахнада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті, опера әншісі Нұрғалым Аманбай және дәстүрлі вокал өнерінің орындаушысы Жайна Бауыржанқызы өнер көрсетті. Дирижерлық пультте — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын тұрды.

Іс-шараны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Медеу ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Оның басты мақсаты — ұлттық өнерді насихаттау, көпшілікті қазақ халқының бай музыкалық мұрасымен таныстыру және қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық домбыра күні — қазақ халқының рухани мәдениеті мен ұлттық бірегейлігінің басты символдарының біріне арналған ерекше мереке. Ол күй өнерін насихаттауға, дәстүрлі музыкалық мұра мен халықтың рухани құндылықтарын сақтап, жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

2018 жылдан бастап Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Биыл мереке 5 шілдеге келді. Алматыда мерекеге орай бай мәдени бағдарлама дайындалды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, фестивальдар, флешмобтар, көрмелер, кино көрсетілімдер және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.

Дереккөз: Inform.kz