Алматының Түрксіб ауданында жергілікті тұрғындар полицияға күдікті ер адамды ұстауға көмектесті. Олар оны есірткі закладкасын іздеді деп күдіктенген. Қолынан бірнеше орама ұнтақ тәрізді зат табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, кешкі уақытта «102» каналына жеке сектор тұрғындарынан дабыл қоңырауы түскен. Олардың айтуынша, көшелерде күдікті ер адам жүріп, есірткі закладкасын іздеп немесе жасап жүрген. Оқиға орнына «Буран-813» экипажы жедел жеткен. Алайда сол уақытта жергілікті тұрғындардың бірі күдіктіні өзі ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
«Тінту кезінде тергеу-жедел тобы оның қолынан бірнеше орама ұнтақ тәрізді зат тапты. Ұсталған адам 33 жастағы жұмыссыз алматылық болып шықты», — делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам есірткі қолданатынын және «скорость» деп аталатын закладка іздегенін айтқан. Алынған орамалардың ішінде не бар екенін және заттың қайдан шыққанын сот-химиялық сараптама анықтайды. Полиция азаматтарды күдікті жағдайларды байқаған кезде дереу хабарлауға шақырды.
Дереккөз: Nur.kz