Алматыда автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіру, медициналық ультрадыбыстық диагностика жүйелерін шығару, көпбейінді аурухана салу және дрон өндіру жобалары Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ақорданың мәліметінше, ұсынылған бастамалардың қатарында Алматыда отандық автозауыттар үшін глушитель, орындық қаптамасы, сым шоғырлары мен еден жабындыларын, сондай-ақ дөңгелек дискілерін шығаратын автокомпонент өндірісін жергіліктендіру жобалары бар.
Сонымен қатар корейлік басқару моделі мен заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, Алматыда көпбейінді аурухана салу, медициналық ультрадыбыстық диагностика жүйелерін өндіру және дрон шығару жобалары таныстырылды.
2026 жылғы 14 қыркүйекке қараған түні Қасым-Жомарт Тоқаев Корея президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен мемлекеттік сапармен Кореяға келді. Кейін Қазақстан басшысы Кореяның көрнекті қайраткерлерін «Достық» орденінің II дәрежесімен марапаттады. 15 қыркүйекте президент Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады. Сондай-ақ Lotte компаниясы Алматы мен Alatau City-де қонақүйлер салатыны белгілі болды.
