Мемлекет басшысы Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) президенті Моринари Ватанабэ және Азия гимнастика одағының (AGU) президенті Абдулрахман Әл-Шатримен кездесті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әңгіме барысында Қазақстанда гимнастикалық спорт түрлерін дамыту мен танымал етуге бағытталған ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев FIG пен AGU-дың Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде гимнастика балалар мен жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Көптеген жергілікті залдармен қатар ұлттық құрама жаттығатын және халықаралық жарыстар өтетін үш мамандандырылған кешен жұмыс істейді. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда Орталық Азиядағы бірегей және ең ірі Гимнастика орталығының құрылысы басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауқымды спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда айтарлықтай тәжірибесі барын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның спортты дамыту және ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру бойынша бірлескен бастамаларды қарастыруға дайын екенін растады.
Өз кезегінде Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортты қолдауға бөлетін назарын оң бағалады. Қонақтар әлемдік аренада елін лайықты танытып жүрген қазақстандық спортшылардың жетістіктерін ерекше атап өтті.
Дереккөз: Inform.kz