...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Тауда адасқан жасөспірімдер: Алматыда 3 мың метр биіктіктен құтқарылды

Алматыда екі 16 жасар жасөспірім таудан түсу кезінде маршруттан адасып, құтқарушылар оларды 3 мың метрден астам биіктіктен тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасында хабарланғандай, жас туристер Сатпаев шыңы маңында адасып кеткен. Олар Үшбұрыш шыңы ауданына жеткенде қараңғы түсе бастаған. Сондықтан жасөспірімдер құтқарушыларға хабарласып, көмек сұраған.

Іздеуге «Барыс» республикалық құтқару қызметінің тобы жолға шықты. Құтқарушылар «Медеу» бекетінен шығып, жасөспірімдердің болжамды орнына бет алды.

«Жол оңай болмады. Туристерге жету үшін ТЖМ қызметкерлеріне таулы жермен қараңғы уақытта үш сағаттан астам жүруге тура келді. Жасөспірімдер Үшбұрыш шыңының астынан табылды. Олардың жағдайы алаңдаушылық тудырмады, медициналық көмек қажет болмады», — деп атап өтті ТЖМ-де.

Іздеу операциясы аяқталған соң құтқарушылар жасөспірімдерді төмен түсіріп, қалаға аман-есен жеткізді.

«Кейін анықталғандай, жас туристер биік таулы маршрутқа жеткілікті дайындалмаған. Олардың жабдықтары жорық жағдайына сәйкес келмеген, ал күрделі жол учаскесін олар қараңғы түскеннен кейін өткен», — деп қосты ведомствода.

ТЖМ тауға шығар алдында маршрутты алдын ала ойластыру, ауа райы болжамын бақылау, қайту уақытын есептеу және тиісті жабдықты таңдау маңызды екенін еске салады.

Дереккөз: Nur.kz