Алматыда Сейфуллин даңғылында көлік қозғалысының ұйымдастырылуын өзгерту жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс Әл-Фараби даңғылынан Сатпаев көшесіне дейінгі аралықты қамтиды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының түсіндіруінше, өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға және көлік ағындарын реттеуге бағытталған.
«Бұл аралықта негізгі бұрылыстар сақталады. Жүргізушілер бұрынғыша ТРЦ Forum маңында, айналма шеңберде бұрылыс жасай алады, сондай-ақ Попов көшесіне бұрыла алады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін ТРЦ Forum маңына жаңа бағдаршам нысанын орнату көзделген. Жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жоспарланған шаралар аяқталған соң, бұл аралықтағы қозғалыс жаңартылған схемаға сәйкес, барлық жол қозғалысы қатысушыларының қолайлылығы мен қауіпсіздігін ескере отырып ұйымдастырылады», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматыда үш қиылыстағы жекелеген оңға бұрылыстардан бас тартылатыны хабарланған болатын. Әкімдікте қозғалыстың қалай өзгеретінін және әдеттегі схеманы неліктен қайта қарауға шешім қабылданғанын түсіндірді.
