Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сегіз жасөспірімнен тұратын топ Алматы тауында 3600 метр биіктікте адасып қалды. Олар Үлкен Алматы шыңына аттанған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының Бостандық ауданында, Үлкен Алматы шыңы маңында теңіз деңгейінен 3681 метр биіктікте республикалық «Барыс» құтқару қызметі мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері құтқару операциясын жүргізді.
«Сегіз жасөспірім кеше таңертең тауға өз бетінше көтерілген, алайда маршрут кезінде жолдан адасып, өздігінен түсе алмаған. Хабарлама түскеннен кейін құтқарушылар олардың орналасқан жерін жедел анықтап, көмекке аттанды», — делінген ведомство хабарламасында.
Құтқарушылар оқиға орнына жетіп, жасөспірімдерді қауіпсіз маршрутпен «Алма-Арасан» эко-бекетіне дейін алып түсті. Ешкімге медициналық көмек қажет болмады.
Дереккөз: Nur.kz