...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Саинадағы кептеліс пен жолдағы төбелес: Алматы әкімдігі мәлімдеме жасады

Алматыда Саина көшесіндегі кептеліс кезінде екі жүргізушінің төбелесі видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға байланысты полиция мен әкімдік пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Instagram-дағы almaty_typical парақшасында Саина көшесінде куәгерлер түсірген төбелес видео жарияланды. Кадрларда екі ер адамның кептеліс кезінде жолдың ортасында қарым-қатынасты анықтап жатқаны көрінеді. Оларға басқа адамдар жүгіріп келіп, араша түседі.

«Қалай ойлайсыздар, бұл кептелістің салдары ма, әлде адамдардың сабыры таусылды ма?» — делінген жазбада.

Еске сала кетейік, 20 маусымнан бастап Саина көшесінің Рысқұлов даңғылы мен Мұстафин көшесі аралығындағы учаскеде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған жолақ бөлінген болатын. NUR.KZ тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметінен Саинадағы кептеліс осы жаңашылдықпен байланысты ма деп сұраған. Онда бөлінген жолақ магистральдың бүйір жолдарында (дублерлерде) ұйымдастырылғанын және транзиттік көлік өтуіне арналған негізгі жолға әсер етпейтінін айтқан.

«Қазіргі уақытта Саина көшесінде Бұрындай ауылы жағынан Алматы бағытына қарай қозғалыс қарқындылығы айтарлықтай өсті. Қалыптасып жатқан көлік ағыны Рысқұлов даңғылы мен Саина көшесінің қиылысындағы жол торабының өткізу қабілетімен шектелуде, соның салдарынан магистральдың бастапқы учаскесінде жүктеменің жоғары деңгейі тіркелуде. Қосымша көлік жинақталуы Райымбек даңғылы, Абай даңғылы және Шаляпин көшесімен қиылыстарда орын алуда, мұнда жол-көлік желісінің өткізу қабілеті қозғалыстың қазіргі көлеміне толық сәйкес келмейді», — деп хабарлады әкімдікте.

Ең үлкен жүктеме транзиттік ағынды өткізуді қамтамасыз ететін Саина көшесінің негізгі жолына түсетіні атап өтілді. Бұл учаске Саина көшесі бойымен транзиттік қозғалыстың ашылуына және көлік ағындарының кейіннен қайта бөлінуіне байланысты жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейді.

«Бұл ретте дублерлерде ұйымдастырылған бөлінген жолақтың негізгі жолдың өткізу қабілетіне әсері шамалы», — деп толықтырды әкімдік өкілдері.

Дереккөз: Nur.kz