Алматыдағы Саина көшесінің бір учаскесінде жылдамдық режимінің төмендетілу себебін жол жүрісін ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басқарманың мәліметінше, Рысқұлов даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі Саина көшесінің учаскесінде ең жоғары жылдамдық 60 км/сағ-қа шектелген. Бұл аралықта жол жүрісін ұйымдастыру схемасы да жаңартылды: төрт жолақ ұйымдастырылды, оның ішінде қоғамдық көлікке арналған бөлек жолақ та бар.
Өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға, көлік ағынын біркелкі бөлуге және кептелістерді азайтуға бағытталған. Жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жаңа белгілерге назар аударуға және жаңартылған жүру схемасын ескеруге шақырамыз, — деп түсіндірді басқармада.
Саина көшесінің қалған учаскелерінде жылдамдық режимі өзгеріссіз — 80 км/сағ.
Сонымен қатар, ведомство Саинаның Мөңке би көшесіне дейін ұзартылғанын, осыған байланысты Боралдай жағынан көлік ағыны күрт өскенін еске салды.
Осыған байланысты Domillion сауда үйінің маңында, эстакададан түсетін жол мен тоннельден шығатын жол қиылысатын жерде жүргізушілер үнемі бірін-бірі қиып өтіп, кенет тежеуге мәжбүр болатын. Бұл мәселені шешу үшін жолақтарды сәл тарылтып, қосымша төртінші жолақ қостық, — деп қосты басқармада.
Енді көлік ағындары біркелкі қосылады, ал 60 км/сағ шектеуі ағынның бірқалыпты және қауіпсіз қозғалуы үшін қажет, өйткені әрі қарай Райымбек пен Төле би айырмаларына көптеген кіру және шығу жолдары бар.
Еске салайық, Саина көшесіндегі жылдамдық режимі биылғы жылдың 3 тамызында өзгертілген еді.
Дереккөз: Nur.kz
