Медеу ауданында су құбырының жаңа желілері тартылып, ондаған көше жөнделеді. Мемлекетке қайтарылған активтер Алматының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Осы қаражат есебінен Медеу ауданында 28 шақырым жаңа сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылады. Жұмыстар Татарка және Кіші Станица шағын аудандарында жүргізіледі. Осының арқасында 7 000-нан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауданда бұрын инженерлік коммуникациялар тартылған 42 көшеде орташа жөндеу жүргізілуде. Барлық учаскелерде асфальт толығымен қалпына келтіріледі.
«Бұл жоба мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам игілігіне жұмыс істейтінінің айқын мысалы болып табылады. Олар қала инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда», — деп атап өтті Медеу ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Зарина Бұданбаева.
Дереккөз: Almaty.tv