...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қаржы

Қайрат Сатыбалдының Kaisar Plaza бизнес-орталығы тағы да сатылмады

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын сату бойынша электрондық сауда-саттық қайтадан өтпей қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

14 шілдеде өтуі тиіс аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Нысан бағаны көтеру әдісімен саудаға шығарылған. Kaisar Plaza ТОЦ-ның бастапқы бағасы 47 344 075 556 теңгені (ҚҚС-сыз) құраған, ал қатысу үшін кепілдік жарна сомасы 7,1 миллиард теңгеден асқан.

Жалпы ауданы 63 920 шаршы метр болатын тоғыз қабатты Kaisar Plaza ғимараты 2017 жылы салынған. Ол Алмалы ауданында, Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында, ауданы 0,7209 гектар жер учаскесінде орналасқан. Бүгінгі таңда нысан «КУВА» ЖШС еншілес ұйымының сенімгерлік басқаруында және жұмысын жалғастыруда — онда 53 жалға алушы бар.

Еске салайық, биылғы жылдың ақпан айында Қайрат Сатыбалдыға тиесілі коммерциялық ғимарат 61,5 млрд теңге бастапқы бағамен сатуға шығарылған еді. Алайда сатып алушылардың болмауына байланысты сауда-саттық өтпей қалған болатын.

2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарылған бірқатар активтері туралы ақпарат жариялаған. Тізімге әкімшілік ғимараттар, оның ішінде Kaisar Plaza бизнес-орталығы, сондай-ақ эксклюзивті зергерлік бұйымдар, элиталық жылжымайтын мүлік нысандары, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаты, оның ішінде шетелден қайтарылған активтер кірген. Активтердің жалпы сомасы сол кезде 732,8 млрд теңгені құраған.

Дереккөз: Inform.kz