Ресейлік теннисші Андрей Рублев Алматыда өтіп жатқан ATP 250 турнирі туралы әсерімен бөлісіп, бұл жарыстың өзіне ерекше әрі үйдегідей сезім сыйлайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлемдік рейтингте 23-орында тұрған спортшы Алматыдағы хард кортта өтетін жарыста төртінші нөмірмен себілген. Рублев бұл қалаға алғаш рет келген, алайда бұған дейін Астанадағы жарыстарға қатысқан.
«Атмосферасына байланысты турнир 100 пайыз үйдегідей әрі ерекше болады. Жан-дүнием осында жатыр. Ерекше ештеңе көруге үлгермедім, өйткені күн сайын жаттығып, алысқа баруға тура келді. Алғашқы күндері қалаға жақын жерде тұрдым, мейрамханаларда болып, кешкі ас іштім. Бірақ бір жерге сапарлауға мүмкіндік болмады, өкінішке қарай», — деді Рублев NUR.KZ тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Спортшы Алматыға бірінші рет келгенін, бірақ Қазақстанда бұған дейін болғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұнда оған қатты ұнайды, ал тілдің арқасында өзін жеңіл сезінеді.
«Жалпы Алматыда бірінші ретпін, бірақ Қазақстанда болдым. Мұнда маған қатты ұнайды. Оның үстіне тілдің арқасында жеңіл — бәрі ана тіліңдегідей, бәрі тамаша», — деп қосты ол.
Ресейлік теннисші Almaty Open-тегі өнерін екінші айналымнан бастайды. Онда ол француз Адриан Маннарино мен австралиялық Александр Вукич арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
