...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы аномальды ыстық: жедел жәрдемге шағымдар саны өсті

Алматыда аномальды ыстық орнаған кезде жедел медициналық көмекке жүгінушілер саны артты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметі 33,6 мыңнан астам шақырту қабылдаған. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы қан қысымының жоғарылауына, 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларына, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктісіне байланысты болған.

Сонымен қатар, ми қан айналымының жедел бұзылуы бар 50-ге жуық науқас шұғыл түрде қалалық стационарларға жеткізілген.

Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, жедел жәрдем шақыртуды қажет еткен ыстық соғу жағдайларының саны екі есеге артқан.

Дәрігерлердің айтуынша, жоғары температура әсіресе егде жастағы адамдар, балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар науқастар үшін қауіпті.

Алматы жедел медициналық көмек қызметі директорының орынбасары міндетін атқарушы Азамат Құрманбековтің айтуынша, ыстық күндері жүрек-қан тамырлары жүйесіне жүктеме айтарлықтай артады. Жоғары ауа температурасы қан қысымының күрт өзгеруіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге, сондай-ақ миокард инфарктісі мен инсульт қаупін арттыруы мүмкін.

Басқармада ыстықтың сусыздану, тамақтан улану, ішек инфекциялары қаупін арттыратынын және маусымдық аллергияның көріністерін күшейтетінін атап өтті.

Созылмалы аурулары бар науқастарға өз денсаулығына ерекше назар аудару ұсынылады. Олар дәрігердің тағайындауларын қатаң сақтап, дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдап, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін бақылап, қызып кетуден аулақ болуы және жоспарлы консультацияларды өткізіп алмауы керек.

Алматы емханалары созылмалы аурулары бар науқастарды диспансерлік бақылауды жалғастырып, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, денсаулық жағдайын үнемі мониторингтейді. Мамандар денсаулық нашарлаған жағдайда асқынуларды күтпестен, учаскелік дәрігерге уақтылы жүгінуге кеңес береді.

Дәрігерлер сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін тікелей күн сәулесінің астында болмауға, табиғи матадан жеңіл киім, бас киім және күннен қорғайтын көзілдірік киюге кеңес береді.

Сусын режимін сақтау маңызды. Медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, ересектерге күніне кемінде екі литр су ішу ұсынылады, алкоголь, тәтті газдалған сусындар мен көп мөлшердегі кофені шектеу керек.

Қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну, сананың шатасуы, дене қызуының жоғарылауы немесе естен тану пайда болған кезде адамды салқын жерге дереу жылжытып, денені салқындатуды бастап, суды ұсақ жұтыммен беріп, жедел медициналық көмек шақыру қажет.

Еске сала кетейік, «Қазгидромет» РМК мәліметінше, Алматы облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай күтіледі. Жел батыстан, облыстың таулы аудандарында екпіні 15-20 м/с. Күндіз күшті ыстық 35-38 градус болады. Төтенше өрт қаупі сақталады.

Дереккөз: Inform.kz