...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы жеке клиника жалған анықтама берді деген күдікке ілікті

Алматыдағы жеке клиника жалған медициналық анықтамалар берді деген күдікке байланысты тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Егер бұзушылықтар расталса, уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған ресми құжаттарды жасау, өткізу және оларды көрінеу пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Бұл жауапкершілік құжаттарды заңсыз рәсімдегендерге де, оларды әдейі сатып алғандарға немесе пайдаланғандарға да төнуі мүмкін.

Медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтары тек нақты жүргізілген тексерулер мен зерттеулердің негізінде берілуі тиіс. Министрлік азаматтарды медициналық негізсіз құжат рәсімдеу қызметтерін пайдаланбауға, клиникалардың заңдылығын тексеруге және анықталған бұзушылықтар туралы хабарлауға шақырды.

Ашықтықты арттыру үшін Қазақстанда медициналық құжаттаманы рәсімдеудің цифрлық құралдары енгізіліп жатыр. 2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 млн-нан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылды, оның ішінде 8,1 млн анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және 5,7 млн диспансерлік есепке алу жөніндегі анықтама бар.

Сонымен қатар еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу тәртібі өзгерді: құжат медициналық ұйым қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылғаннан кейін медициналық ақпараттық жүйеде беріледі. Азаматтың келісімімен еңбекке жарамсыздық парағының ашылуы мен ұзартылуы туралы мәліметтер жұмыс берушіге hr.enbek.kz порталы арқылы жеткізіледі, ал қызметкерге құжат Enbek HR қосымшасында қолжетімді болады.

Электрондық медициналық құжаттар медициналық тексерулерден өту, еңбекке уақытша жарамсыздық пен мүгедектікті рәсімдеу, жұмысқа орналасу, санаторлық-курорттық емделуді алу және басқа да жағдайларда пайдаланылады.

Бұған дейін Қазақстанда жақ-бет хирургиялық көмек көрсету стандарты жаңартылғаны хабарланған болатын.