...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматы тау кластері: Иле-Алатау паркінің 0,049%-ы ғана игеріледі

Алматы тау кластерін іске асыру барысында жасыл желектерді, су ресурстарын, жануарлар дүниесін қорғау және бүлінген аумақтарды қалпына келтіру басым бағыттардың қатарына кіреді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба бес аймақты қамтиды: Шымбұлақ, Қимасар, Бұтақовка, Пионер және Ой-Қарағай. Инфрақұрылымды дамыту әр аумақтың табиғи ерекшеліктерін, жер бедерін, беткейлердің тұрақтылығын және қар көшкіні қаупін ескере отырып жоспарлануда. Негізгі қағидат – құрылыс жұмыстарының ауданын қажетті минимумға дейін шектеу.

Алматы тау кластерін іске асыру барысында қамтылатын аумақ Иле-Алатау ұлттық паркінің жалпы ауданының небәрі 0,049%-ын құрайды. Бұл ретте тіпті жергілікті әсер де табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауды және қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды талап етеді.

Жасыл желектерді сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыстарды жүргізбес бұрын өсімдіктерді зерттеу, олардың түрлік құрамы мен жай-күйін анықтау қарастырылған. Жобалық шешімдер құнды табиғи учаскелерді сақтауды, тазарту ауданын қысқартуды және тау жағдайына бейімделген ағаштарды өтемақы ретінде отырғызуды көздейді.

Экологиялық бастамалардың бір мысалы – 17 қазанда Шымбұлақ тау курортында өткен акция. Shyrshaly жобасы аясында қатысушылар 560 тәңіртау шыршасының көшетін отырғызып, Кіші Алматы шатқалының ормандарын сақтауға үлес қосты.

Іс-шараға қала билігінің, курорт әкімшілігінің, табиғатты қорғау ұйымдарының, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясының және жастар экологиялық клубтарының өкілдері жиналды. Алматы тау кластерін дамыту аясындағы өтемақы отырғызулары біржолғы шара емес, жасыл желектерді қалпына келтіруге және Іле Алатауының табиғи мұрасын сақтауға бағытталған жүйелі табиғатты қорғау жұмысының бөлігі екенін атап өткен жөн.

Кластерді дамытудың экологиялық тәсілдері жануарлар дүниесін қорғауды да қамтиды. Көршілес тау шаңғысы трассаларының арасында жануарлардың қозғалысы үшін ені кемінде 30 метр экологиялық дәліздер қарастырылған. Сондай-ақ құстардың көбею кезеңінде шулы жұмыстарды шектеу және табиғи кешендердің жай-күйін бақылау жоспарланған.

Жеке бағыт – Кіші Алматы, Қимасар, Бұтақовка және Қотырбұлақ сияқты тау өзендері мен бұлақтарын қорғау. Ластанудың алдын алу үшін шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды қолданыстағы қалалық кәріз жүйесіне жіберу жоспарлануда. Табиғи су ағындарына тазартылмаған суларды төгу жоққа шығарылады. Техникалық қажеттіліктерге, оның ішінде жасанды қар жасауға суды пайдалану белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.

Құрылыс кезеңінде беткейлердің эрозиясын, топырақтың ластануын және шаңның пайда болуын болдырмау шаралары қарастырылған. Бүлінген учаскелер рекультивациялануға, ал құрылыс және тұрмыстық қалдықтар ұйымдастырылған түрде жиналып, мамандандырылған ұйымдарға тапсырылуға тиіс.

Құрылыс және пайдалану кезеңдеріндегі экологиялық мониторинг табиғи ортаның жай-күйін қадағалауға және ықтимал өзгерістерге уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Табиғи мұраны сақтау – Алматының тау туризмін дамытудың маңызды шарты. Заманауи инфрақұрылым, табиғатты қорғау шешімдері және қоғамның қатысуы бірін-бірі толықтыруы тиіс. Дәл осындай тәсіл тауларды демалыс үшін қолжетімді ете отырып, Іле Алатауының бірегей экожүйелерін болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді.