...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Премьер-министрдің бірінші орынбасары: Алматы-1 вокзалындағы жұмысты жеделдету керек

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы-1 вокзалындағы реконструкция барысын тексеріп, жолаушыларға жыл бойы қолайсыздық тудырып жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Нұрлыбек Нәлібаев үкімет басшысының тапсырмасымен оңтүстік астанадағы Алматы-1 вокзалына барып, 2025 жылғы наурызда басталған жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

«Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы-1 вокзалының жаңғыртылу барысымен танысуға келгенде, „Қазақстан Темір Жолы“ АҚ жұмысында кемшіліктер анықталды. Жазғы кезеңде вокзал күн сайын 12 мың жолаушыны қабылдап, жөнелтеді, ал қыста шамамен 7 мың. Қазір олар үшін жыл бойы қолайсыздықтар туғызылуда. Жоспарланған жұмыстар аяқталмаған, осыған байланысты жолаушылар қиындықтарға тап болуда. Мегаполистегі осындай маңызды нысандағы жұмыс қарқыны сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталып келеді. Сондықтан жұмысты жеделдету қажет», — деді Нәлібаев.

Нәлібаевтың айтуынша, Қазақстан тарихында бір уақытта 121 вокзалды жаңғырту бұрын-соңды болмаған. «Бұл мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан маңызды жоба. Оны сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау керек. „Қазақстан Темір Жолы“ басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмыстарды ең қысқа мерзімде аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысы мен қарқынын күн сайын бақылауға міндетті. Бұл мәселе үкіметтің қатаң бақылауында», — деді ол.

Нұрлыбек Нәлібаев мердігер компанияға жобалық-сметалық құжаттама сараптамасын жеделдетуді, жабдықтарды уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуді, ал қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.

Дереккөз: Nur.kz