
Алматы қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері тыныс алу жолдарында бөгде зат бар 10 айлық балаға көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
10 айлық қыз бала ойнап жүрген кезде кенеттен жөтел ұстамасы және тыныс алудың қатты қиындауы салдарынан шұғыл түрде облыстық көпсалалы ауруханалардың біріне жеткізілді. Компьютерлік томография екі жақты пневмония белгілерін анықтады, сонымен қатар кеңірдекте бөгде заттың болуы жоққа шығарылмады. Баланы реанимацияға жатқызды.
Науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, телемедициналық консультация өткізілді. Консилиум қорытындысы бойынша баланы санитарлық авиациямен Алматыдағы №2 ҚБА-ға шұғыл жеткізу туралы шешім қабылданды. Медициналық мекеменің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала Алматыға алматылық дәрігер-реаниматологтың сүйемелдеуімен жеткізілген. Клиникаға түскен кезде оның жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Қыз дәрілік ұйқы жағдайында болды.
— Бізге түскен кезде бала өкпенің жасанды желдетілуінде болды, өмірлік маңызды функциялар тұрақты бақылауда болды. Шұғыл тексеруден кейін көпсалалы мамандар тобы бронхоскопия жүргізді. Операция барысында өткір жиектері бар 1,5 × 1,0 см өлшемдегі мөлдір қатты пластик фрагменті табылып, алынды, — деп атап өтті №2 ҚБА директоры Марат Рабандияров.
Бөгде затты сәтті алып тастағаннан кейін бала екі жақты пневмонияны емдеуді жалғастыруда. Кішкентай науқастың жағдайы тұрақтанды, ол өздігінен тыныс алады. Операция жасаған хирург Ерлан Мендигалиевтің айтуынша, бөгде заттың баланың тыныс алу жолдарында болуы өмірге тікелей қауіп төндіріп, тыныс алу жолдарының толық бітелуіне, ауыр тыныс жетіспеушілігіне және басқа да қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін еді.
Мамандардың атап өтуінше, сәтті нәтиже баланың уақтылы мамандандырылған орталыққа ауыстырылуының, санитарлық авиацияның үйлесімді жұмысының және №2 ҚБА дәрігерлерінің жоғары кәсібилігінің арқасында мүмкін болды.
Дереккөз: Inform.kz