Алматы облысы Панфилово кентінің тұрғындары маңайдағы мал сою цехынан бірнеше жылдан бері тарап жатқан күшті жағымсыз иіске шағымданды. Олардың айтуынша, сасық иістен әсіресе ыстық күндері үйлерінің терезелері мен есіктерін аша алмайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жергілікті тұрғын Данияр Айдарбековтің сөзінше, мәселе жыл сайын жазда туындап, жел сою цехы жағынан соққанда ерекше байқалады. Кейде отбасы жағымсыз иістен құтылу үшін кенттен кетуге мәжбүр болады. Мал сою цехы жергілікті базар аумағында жұмыс істейді. Тұрғындар иіс бірнеше шақырымға тарайтынын, ал тексеру кезінде кәсіпорын аумағынан шашылып жатқан мал ішек-қарны мен басқа да қалдықтарды тапқанын айтады.
Базар әкімшілігі иістің барын мойындайды, бірақ оны мұндай өндіріс үшін табиғи деп санайды. Онда кәсіпорын 60 жылға жуық жұмыс істеп тұрғанын, ал тұрғын үйлер кейінірек, іс жүзінде өндірістік аймаққа таяу салынғанын атап өтеді.
Көптеген шағымдардан кейін нысанды жергілікті билік, ветеринария қызметі және полиция өкілдері тексерді. Олар келген кезде үй-жайда тазалық жүргізіліп қойған, алайда мамандар санитарлық талаптардың бұзылғанын анықтады.
Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Құрманқазиевтің хабарлауынша, иелеріне жеті күн ішінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру деректері бойынша, жануар тектес қалдықтар аумақтан екі тәулікке жуық шығарылмаған, бұл жағымсыз иістің себебі болған.
Мал сою цехының иелері жағдайды полигондағы өртпен түсіндіріп, соған байланысты қалдықтарды уақытша шығара алмағанын айтты. Кәсіпорында мұндайдың қайталанбайтынына сендіріп, иісті азайту үшін цехты жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Дереккөз: Inalmaty.kz