...
... Алматы
USD
EUR
RUB

«Өзімді Ресейдегі өзбектей сезінемін»: Алматыда ресейлік әйел 10 тәулікке қамалды

Алматыда банк картасын рәсімдеу үшін келген Ресей азаматшасы әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол видеода банктер мен ЦОН-дардағы ұзақ рәсімдерге наразылық білдіріп, былапыт сөздер қолданған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Қылмыстық Қазақстан» Telegram-арнасының мәліметінше, ресейлік әйел Алматыға банк картасын алу үшін келген. Ол бірнеше күн бойы ЦОН мен банк арасында жүргенін айтып, эмоциялық түрде былапыт сөздер аралас шағымданған. Пайдаланушылардың назарын оның «Мен өзімді Ресейдегі өзбектей сезінемін» деген сөзі ерекше аударған. Кейбірі бұл сөздерді менсінбеушілік деп бағаласа, енді біреулері оның бюрократиялық қиындықтарға эмоциялық реакциясы деп түсіндірген.

«Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, шетел азаматшасы қоғамдық орында былапыт сөздер қолданып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған. Мұндай әрекеттер бағалаусыз қалмайды. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқықбұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — делінген хабарламада.

Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті сақтау және дерекі мінез-құлыққа жол бермеу барлығына міндетті екенін ескертті.

Дереккөз: Nur.kz