
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кеңесте жобалардың баяу іске асырылып жатқанын сынға алды. Кеңеске туризм және спорт министрі, Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдері, сондай-ақ Almaty Superski жобасын іске асыруға жауапты Kazakh Tourism Development Ltd басшылығы қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кешенді жоспарға сәйкес, Алматы тау кластерін дамыту бойынша 73 іс-шара қарастырылған, оның 49-ы биылғы жылы орындалуы тиіс. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка мен Кімасар шатқалдарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылы басталып, Пионер мен Oi-Qaragai курорттарын дамытуды және оларды канатты жолдар жүйесімен біріктіруді қамтиды.
Kazakh Tourism Development Ltd атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Almaty Superski тұжырымдамасында хайкинг инфрақұрылымын, заманауи визит-орталықтарды және бірыңғай қауіпсіздік контурын құруға ерекше назар аударылған. Жобаның бөлек элементі ретінде Шымбұлақ, Almaty Superski және басқа да курорттарға канатты жолдардың негізгі көлік торабы болатын бірыңғай вокзал салынады.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ағымдағы жұмыстар туралы баяндады. Шымбұлақты жаңғырту аясында биылғы мамырда жеті канатты жолдың біріншісінің құрылысы басталады. Екі жаңа желіні биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, бұл трассалардың жалпы ұзындығын 18 км-ден 5 км-ге арттырады. Сондай-ақ Шымбұлақта екі канатты жол жаңғыртылады.
Almaty Superski жобасы бойынша инженерлік инфрақұрылым дайындалып, жабдықтар сатып алынуда. Биылғы жылы сегіз көпір мен су өткізу құрылысын салу көзделген. Маусым айында ұзындығы алты шақырым автомобиль жолының құрылысы басталады. Газбен жабдықтау және кәріз желілері 2027 жылы жолмен бірге тартылады. Инженерлік инфрақұрылым мен автомобиль жолы 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында өңірде 92,8 млрд теңгеге 15 іс-шара қарастырылғанын, оның 83,8 млрд теңгесі жеке инвестиция екенін айтты. Oi-Qaragai курортында 10 орындық гондолалық және 6 орындық креслолық канатты жолдар, тау шаңғысы трассаларының бірінші кезеңі, параглайдинг алаңы пайдалануға берілді. 2027 жылдың үшінші тоқсанында курортты қосымша электрмен жабдықтау жобасын аяқтау күтілуде. Сондай-ақ «Тау-Туран-Байбұлақ» автомобиль жолын күрделі жөндеу жоспарланған.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен тартылған ұйымдардың жұмыс қарқыны төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту ерекше бақылауда. «Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту – экономика үшін маңызды жобалар, олар туристер ағынын арттыруға және инвесторларды тартуға тікелей әсер етеді. Жобаларды іске асыру негізсіз созылып жатыр», – деді Бектенов.
Дереккөз: Inform.kz