Кореяның Korean Air әуе компаниясы Сеулден Алматыға тікелей рейс ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің вице-министрі Чон Чхе Ге мен кездесті. Кездесуде Korean Air компаниясының қазақстандық нарыққа шығу жоспарларына ерекше назар аударылды.
Вице-министр тасымалдаушының 2027 жылдың жазғы кезеңінде Сеул – Алматы бағытында рейстерді орындауға кірісу ниетін құптады. Оның айтуынша, жаңа әуе тасымалдаушысының пайда болуы жолаушылар ағынының одан әрі артуына, туристік байланыстардың кеңеюіне және саяхатшылар үшін қосымша мүмкіндіктерге ықпал етеді.
«Сондай-ақ әуе компаниясының Сеул – Астана бағытын ашу перспективаларын қарастыруға қызығушылығы атап өтілді», – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея Республикасы арасында Астана – Сеул, Алматы – Сеул және Шымкент – Сеул бағыттары бойынша аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.
