
Алматыда Қазақстанның екінші контингентінің 70 бейбітшісін салтанатты түрде қарсы алды. Олар БҰҰ-ның Голан биіктеріндегі миссиясында қызмет етіп, мыңнан астам міндетті орындап, елге оралды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бейбітшілерді Әуе қорғаныс күштерінің А-400 әскери-көлік ұшағы жеткізді. Оларды Құрмет қарауылы ротасы мен әскери оркестр қарсы алды. Қарсы алу рәсіміне Құрлық әскерлері қолбасшылығының өкілдері, Бейбітшілік операциялар орталығы, Қарулы күштер ардагерлері, әріптестері, туыстары мен жақындары қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Күшекбаев:
— Қазақстан — бейбітшілікті, тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет. Бүгінде біздің еліміздің БҰҰ аясындағы бейбітшілік қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Голан биіктеріндегі операцияға қатысу арқылы біз толыққанды бейбітшілік әлеуеті бар мемлекеттер қатарына қосылдық. Бұл әскери қызметшілеріміздің жоғары дайындығын және армияның халықаралық талаптарға сай күрделі міндеттерді орындау қабілетін көрсетеді, — деді ол.
Бас қолбасшы әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсеткені және миссия кезіндегі шыдамдылығы үшін алғыс білдірді.
Келген топтың ағасы майор Ануар Арынғазиевтің айтуынша, екінші бейбітшілік контингенті қызмет барысында мыңнан астам міндетті орындаған. Әскери қызметшілер 798 патрульдеу жүргізіп, 56 жаттығу өткізген, 63 жарылғыш затты жойған, 15 ресми тұлғаны алып жүруді қамтамасыз еткен және 57 уақытша бақылау бекетін орнатқан.
Іс-шараның шарықтау шегі — бейбітшілердің отбасыларымен кездесуі болды: туыстары мен жақындары әскери қызметшілерді зор қуаныш пен мақтанышпен қарсы алды.
— Бүгін үйге Голан биіктеріндегі БҰҰ миссиясы құрамында күрделі және жауапты міндеттерді орындаған жұбайларымыз оралды. Біз қатты уайымдап, олардың қайтуын тағатсыздана күттік, сондықтан кездесуге шексіз қуаныштымыз, — деді ефрейтор Еркебұлан Қадиевтің жұбайы Перизат Қадишева.
Қорғаныс министрлігінде қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ бейбітшілік миссиясына қатысуы елдің халықаралық беделін нығайтуға, жеке құрамның кәсіби дайындығын дамытуға және шетелдік контингенттермен өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Қазақстан халықаралық қауіпсіздік, тұрақтылық және ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын растауды жалғастыруда.
Бейбітшілердің екінші тобының келуі 28 мамырға жоспарланған. Бұған дейін қазақстандық бейбітшілердің үшінші құрамы Голан биіктеріне жіберілген.
Дереккөз: Inform.kz