Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Family Park аумағында тұрғын үй кешені немесе басқа да нысандар салу жоспарланбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қолданыстағы Алматы қаласының Бас жоспарына және Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік — саябақ аймағы ретінде анықталған. Оның мақсатты және функционалдық тағайындалуын өзгерту көзделмейді.
Family Park өзінің алматылықтар мен қала қонақтарына арналған демалыс саябағы ретіндегі мақсатын сақтайды. Тек аумақты кешенді реконструкциялау, абаттандыру және жаңғырту мақсатында тікелей мемлекеттік басқаруға қайтару мәселесі қарастырылуда.
Нысанды көп жылдық пайдалануға қарамастан, жалға алушы саябақты дамыту және күтіп-ұстау бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамаған, оның инфрақұрылымына инвестиция салмаған, нәтижесінде саябақ құлдырау жағдайына жеткен.
Саябақ инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымды жаңартуды, қолжетімді және қауіпсіз қалалық орта құруды, оның ішінде аз қозғалатын азаматтар үшін толыққанды кедергісіз инфрақұрылымды қажет етеді.
Бұл бастаманың басты мақсаты — Family Park-ты қоғамдық кеңістік ретінде сақтап қана қоймай, оны сапалы жаңарту, яғни қауіпсіз, қолжетімді және жайлы инфрақұрылымы бар заманауи қалалық саябақ құру.
Дереккөз: Almaty.tv