...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Family Park аумағында тұрғын үй кешені салынады деген ақпарат жалған: әкімдік жауабы

Алматы әкімдігі Family Park аумағында тұрғын үй кешені салынады деген қауесетке жауап берді. Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, БАҚ пен әлеуметтік желілерде Family Park аумағын тұрғын үй кешені немесе басқа нысандар салу үшін пайдалану жоспарланып отыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Қолданыстағы Алматы қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік – саябақ аймағы ретінде айқындалған. Оның мақсатты және функционалдық тағайындалуын өзгерту көзделмеген», — деп нақтылады ведомствода.

Әкімдік Family Park-тың алматылықтар мен қала қонақтарына арналған демалыс саябағы ретіндегі мақсатын сақтайтынын қосты.

«Тек аумақты мемлекеттік басқаруға қайтару, кешенді реконструкциялау, абаттандыру және жаңғырту мәселесі қарастырылуда», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, нысанды көп жыл бойы пайдаланғанына қарамастан, жалға алушы саябақты дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған, оның инфрақұрылымына инвестиция салмаған, соның салдарынан саябақ күйзеліске ұшыраған.

«Саябақ инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымды жаңартуды, қолжетімді, қауіпсіз және жайлы қалалық орта құруды, оның ішінде аз қозғалатын азаматтар үшін толыққанды кедергісіз инфрақұрылымды қажет етеді. Бұл бастаманың басты мақсаты — Family Park-ты қоғамдық кеңістік ретінде сақтап қана қоймай, оны сапалы жаңарту — қауіпсіз, қолжетімді және жайлы инфрақұрылымы бар заманауи қалалық саябақ құру», — деп нақтылады әкімдік.

Дереккөз: Nur.kz