
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің депутаттық сауалын тікелей отырыс барысында жазғанын мәлімдеді. Себебі қазір Алматыда Hilton қонақ үйі күшпен басып алынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Заңсыз сот шешімінің негізінде Алматы қаласындағы Hilton қонақ үйі күшпен басып алынуда. Мүлік заңды иелерінен тартып алынуда. Бұл қонақ үйде 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Мұның бәрі қонақ үйде тұратын шетелдік қонақтардың көз алдында өтіп жатыр. Осы әрекеттер менің депутаттық сауал жазудың себептерінің бірі болды», — деді Ермұрат Бапи.
«Бұл қозғалыстардың артында ескі Қазақстанның қалдығы тұр. Бұл заңсыз, әділетсіз және озбырлықпен басқаның мүлкін тартып алу. Қайрат Сәтібалды 4 жыл бұрын осы қонақ үйді басып алғаны туралы мен сол кезде де депутаттық сауал жазған едім, бірақ мемлекеттік органдардан тиісті жауап алмадым», — деп толықтырды депутат.
Ол Қайрат Сәтібалды жазасын өтеп келгеннен кейін бірнеше активті мемлекетке қайтарғанын, соның ішінде Hilton қонақ үйі де болғанын айтты. «Оның қызметшілері әртүрлі айлакер схемалармен Hilton қонақ үйін әртүрлі компанияларға ресімдеп қойды. Қазір әртүрлі айлакер тәсілдермен ол қонақ үйді басып алды және Мемлекеттік кірістер комитетінің көмегімен аукционға шығарды», — деді депутат.
Активтерді қайтару комиссиясы қонақ үйді 4,5 млрд теңгеге бағалаған, ал оның нарықтық құны 12 млрд теңге. Депутат мүлік әдейі арзан бағаланғанын мәлімдеді. «Осы қылмыстың құрамын тексеруді сұраймын, сондай-ақ мемлекет басшысының әділетті Қазақстан туралы ұстанымдарын ескеруді өтінемін. Менің осы әділетсіздікке қатысты депутаттық сауалым мемлекет басшысына жетеді деп үміттенемін», — деді Бапи.
Дереккөз: Nur.kz