...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Бектенов тау-шаңғы кластерінің құрылысын сынға алды: «Мәселелерді шешіңіздер»

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау-шаңғы кластері – «Almaty Superski» жобасының құрылыс қарқынына көңілі толмай, Туризм және спорт министрлігі мен әкімдерді сынға алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 24 сәуір 2026 жылы, Олжас Бектенов Алматы тау-шаңғы кластерін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған туризм және спорт министрі, Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдері, сондай-ақ «Almaty Superski» жобасын іске асыруға жауапты Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының басшылығы қатысты.

Кластерді дамытудың кешенді жоспары 73 іс-шараны қамтиды, оның 49-ы биылғы жылы іске асырылуы тиіс. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка мен Қимасар шатқалдарының аймақтарын дамыту жоспарланған. Екінші кезең 2027 жылдан басталып, «Пионер» және «Oi-Qaragai» курорттарын дамытуды, одан кейін оларды канат жолдары жүйесімен біріктіруді қамтиды.

«Kazakh Tourism Development Ltd» ЖШС атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, «Almaty Superski» тұжырымдамасында жүйелі хайкинг инфрақұрылымын, заманауи визит-орталықтарды және бірыңғай қауіпсіздік контурын құруға ерекше көңіл бөлінген. Бұл жолдар мен маршруттарды белгілеуден бастап, биік таудағы экстремалды байланысқа, цифрлық навигация мен әртүрлі қиындық деңгейіндегі маршруттар каталогына дейінгі шараларды қамтиды.

Жобаның жеке элементі – Шымбұлақ, «Almaty Superski» және басқа да перспективалы бағыттарға апаратын канат жолдарының негізгі көлік торабы болатын бірыңғай вокзал.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қазіргі жұмыстар туралы баяндады. Шымбұлақты жаңғырту аясында 2026 жылдың мамырында жеті канат жолының біріншісінің құрылысы басталады. Екі жаңа желіні биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, бұл трассалардың ұзындығын 5 км-ге арттырады (қазіргі жалпы ұзындығы – 18 км). Сондай-ақ Шымбұлақта 2 канат жолы жаңғыртылады.

«Almaty Superski» жобасы бойынша инженерлік инфрақұрылым дайындалып, жабдықтар сатып алынуда. Биылғы жылы 8 көпір мен су өткізу құрылысын салу жоспарланған. Маусым айында ұзындығы 6 км автожолдың құрылысы басталады. Газбен жабдықтау және канализация желілері бір мезгілде тартылады», — деді Дархан Сатыбалды.

Дереккөз: Nur.kz