
BAZIS-A компаниясы Алматыдағы Баум тоғайын абаттандыруға меншікті қаражатынан 4,7 млрд теңге жұмсады. Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіліп, 2025 жылғы қыркүйекте басталып, 2026 жылғы мамырда аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Эдуард Баум 130 жылдан астам уақыт бұрын негізін қалаған тоғай 137,7 гектар аумақты алып жатыр. Бұл қаланың маңызды табиғи нысаны және алматылықтардың сүйікті демалыс орны. Компания жұмыстарды орындау кезінде тоғайдың бастапқы келбетін сақтап, келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды басты мақсат еткен.
Табиғи тепе-теңдікті бұзбау үшін барлық жұмыс өте ұқыпты жүргізілген. BAZIS-A бірде-бір ағашты кеспеген, керісінше жасыл қор 1000-нан астам жаңа көшет – шырша, тал, қайың, терек, тұт және жыңғыл отырғызу арқылы көбейген.
Ең алдымен серуендеу бағыттары жаңартылды. Жалпы ұзындығы 23 шақырымнан асатын вело-, жаяу жүргіншілер жолдары мен эко-трассалар әлдеқайда ыңғайлы болды. Компанияда асфальт тек веложолдарға ғана төселгенін, ал жаяу жүргіншілер жолдары мен эко-трассалар жауын-шашында шайылмайтын және кез келген ауа райында серуендеуге ыңғайлы ұсақ престелген қиыршық тастан жасалған экологиялық жабынмен нығайтылғанын атап өтті.
Серуендеу бағыттары бойына 196 жаңа орындық, 26 пейзаждық әткеншек, 66 пергола мен беседка орнатылып, 6 пикник алаңы ұйымдастырылды. Беседкалар мен пикник алаңдары табиғи ортаға үйлесімді ұсақ тас қиыршығынан жасалған арнайы жабынға орналастырылған.
Тоғайда 7 жаңа балалар алаңы жабдықталды. Оларда табиғи престелген ағаштан жасалған әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын кешендері қауіпсіз тартан жабынында орналасқан. Сонымен қатар 6 воркаут алаңы, үстел теннисі мен йогамен айналысуға арналған алаң, сондай-ақ табиғи жер бедерінде экстремалды веложол – памп-трек ұйымдастырылған.
Дереккөз: Nur.kz