Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын табыс етті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Салтанатты шарада әкім қаланың қалыптасуы мен өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін бірқатар тұлғаны марапаттап, алғыс білдірді. Ол уақыт өте келе талаптар күшейе түсетінін атап өтіп, қала тұрғындарын Алматыны бірлесіп дамытуға және абаттандыруға шақырды.
«Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болғандар: еңбек ардагері Гайникен Бибатырова, инженер-құрылысшы Клара Летникова, суретші Амандос Ақанаев, сәулетші Орысбай Баймырзаев, тәжірибелі дәрігер Орынбай Дайырбеков, хирург-ғалым Болатбек Баймаханов, «Алматылифт» ЖШС директоры Қалдыбай Қазанбаев, «Алматы тазалық» МКК бас инженері Александр Кин, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амин Туяков, скрипкашы, дирижер және композитор Мұрат Серкібаев.
Аталған атаққа ие болған «Алматылифт» ЖШС директоры Қалдыбай Қазанбаев Алматының ерекше атмосферасын атап өтіп, қала тұрғындарына алғыс айтты:
Алматының тарихы – оның әсем көшелері мен айбынды ғимараттарының тарихы ғана емес. Бұл – осы қалаға бар жүрегімен қызмет еткен адамдардың тарихы. Ал «Құрметті азамат» атағы – сол еңбекті бүкіл қоғам алдында мойындаудың жарқын белгісі.
Салтанатты шараның мерекелік көңіл-күйін отандық эстрада жұлдыздары Алтынбек Қорасбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдуллаұлы және Мадина Садуақасованың концерті көтерді.
Айта кетейік, Alma Qala Fest фестивалі екі күнге жалғасады. Қазіргі уақытта Абай алаңында «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», балалар мен крафт ойындарының алаңдары, AI & ROBOT ZONE және фудкорт жұмыс істеп тұр.
