Алматыда Сейфуллин көшесінде Nissan Pickup көлігінің жүргізушісі күдік тудырып, полицейлер оны тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көлік Сейфуллин көшесімен оңтүстік бағытта Жібек Жолы көшесіне жетпей жүрген. Жүргізушінің көлік басқару мәнері полицейлерге күдікті көрінген соң, олар оны тоқтатуды талап еткен.
Жүргізуші жол ортасында тоқтаған. Полицейлер оны патрульдік көлікке шақырып, оқиға мән-жайын анықтап, медициналық куәландыруға апармақ болған.
Алайда ер адам қарсылық көрсетіп, қашуға әрекеттенген. Полицейлер оның соңынан түсіп, ұстаған.
Осы сәтте жанында болған жолаушы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасайтынын айтып қорқытқан.
Кейін анықталғандай, жолаушы пышақ іздеген болуы мүмкін. Ол жүргізуші орнындағы кілемшенің астынан табылды. Болжам бойынша, ол асхана пышағы болған.
Нәтижесінде полицейлер екі ер адамды да ұстап, қолдарына кісен салды. Оқиға мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін Алматы полицейлері Төле би даңғылы мен Жұмалиев көшесінің қиылысында болған жаппай жол апаты туралы хабарлаған болатын.
