
Мереке күндері Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер жұмысын тоқтатпайды. Бұл туралы «СПК «Алматы» АҚ хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жәрмеңкелер қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізіледі.
Сауда алаңдарында Алматы, Алматы облысы аудандары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы өндірушілерінің өнімдері ұсынылған. Барлығы 305 қатысушы, оның ішінде шаруа қожалықтары мен жергілікті тауар өндірушілер жұмылдырылған.
Ассортимент 1000-нан астам өнім атауын қамтиды: ет, көкөністер мен жемістер, жұмыртқа, сүт өнімдері, шұжық бұйымдары, бал және басқа да азық-түлік тауарлары.
2026 жылдың басынан бері жәрмеңкелерде 8 мың тоннаға жуық өнім, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылды.
Қазіргі уақытта «СПК «Алматы» АҚ Бостандық және Әуезов аудандарындағы жәрмеңкелерді кезең-кезеңімен жаңғыртуды жүргізіп жатыр. Жоба инфрақұрылымды жаңарту, жабық және ашық павильондар, тұрақ аймақтары, санитарлық тораптар, аялдама кешендері мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер құруды көздейді.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін келесі мекенжайлар бойынша жұмыс істейді:
— Бостандық ауданы – Қазақфильм шағынауданы;
— Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
— Медеу ауданы – Мендіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
— Алмалы ауданы – Масанчи көшесі, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығында.
Жаңғырту аяқталғаннан кейін жәрмеңкелерді әкімшілендіруді және ұсынылған бағалардың сақталуын бақылауды «СПК «Алматы» АҚ жүзеге асырады.
Дереккөз: Almaty.tv