...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматының тау кластері және «Almaty Superski» жобалары қоғам қолдауына ие болды

Алматы қаласының қоғамдық ұйымдары мен сарапшылары Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобаларын қолдады. Іс-шараға қоғамдық кеңес мүшелері, «Almaty Azamattyq Alliance» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жастар Үні», «Reliance», «Жанашыр» халықаралық қайырымдылық қоры, «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымы және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Almaty Azamattyq Alliance» төрағасы Нұржан Жақұпов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, Алматының таулы аймақтарын тұрғындардың мүддесін, экологияны және қаланың туристік әлеуетін ескере отырып, кешенді және тұрақты дамыту қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында Алматының тау туризмін дамытуға бағытталған екі негізгі бастама таныстырылды. «Almaty Tau Management» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко Алматы тау кластері жобасының толық презентациясын ұсынды. Жоба Алматының таулы аумақтарын кешенді дамытуды көздейді, бұл туризм, аймақ экономикасы және инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жоба аясында «Шымбұлақ» және «Oi-Qaragai» курорттарын Кимасар, Бутаковка шатқалдары мен «Pioneer» курорты арқылы канат жолдары мен шаңғы трассалары желісімен қосу жоспарлануда.

«Pioneer» курорты инклюзивті және жыл бойы жұмыс істейтін кеңістік ретінде өз бағытын сақтайды, сонымен қатар онда алғаш рет заманауи көшкінге қарсы жабдықтар орнату көзделген.

Сонымен қатар, «Kazakh Tourism Development Ltd» мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Марғұлан Байғужин «Almaty Superski» жобасын – халықаралық деңгейдегі заманауи жыл бойы жұмыс істейтін тау экожүйесін құру бойынша ауқымды бастаманы таныстырды. Жоба жаңа көтергіштерді, әртүрлі қиындық деңгейіндегі трассалардың кең желісін, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар заманауи тау қалашығын салуды көздейді. Қысқы туризмнен басқа, тұжырымдама хайкинг маршруттарын, веложолдарды, маунтинбайк инфрақұрылымын дамытуды және тауларда бірыңғай қауіпсіздік контурын құруды қамтиды.

Презентациялар барысында экологиялық тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жобаларды дайындау аясында зоология, ботаника, топырақтану және экологиялық зерттеулердің басқа да бағыттары бойынша ғылыми институттармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Ұйымдастырылған туристік инфрақұрылым туристік ағындарды тиімді басқаруға және тау экожүйесіне антропогендік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Презентациялардан кейін жобаларды талқылау өтті, оның барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Алматы тау кластерін дамытуды қолдап, жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ Алматының халықаралық туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дереккөз: Zakon.kz