Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың 24-31 шілдесі аралығында Алматы облысының Талғар ауданында тогызқұмалақтан Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты өтті. Жастар арасындағы дода 19 және 21 жасқа дейінгі санаттарда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Сайысқа еліміздің 15 өңірінен 100-ге жуық мықты спортшы қатысты. Олар Қазақстан чемпионы атағы үшін ғана емес, қараша айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама үшін бақ сынады.
Турнир халықаралық ережелер бойынша үш бағытта — классика, рапид және блиц — өтті. Мұндай формат классикалық партияда да, уақыт шектеулі жағдайда да сәтті өнер көрсете алатын әмбебап ойыншыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Чемпионат қорытындысы бойынша 19 жасқа дейінгі санатта алматылық спортшы Мейірлан Нұржанұлы Қазақстан чемпионы атанып, рапид бағыты бойынша әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Сонымен қатар, 21 жасқа дейінгі санатта Ельдар Дәкен де ел чемпионы атанып, Алматы құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль салды.
Жеңімпаздар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, қаланы республикалық біріншілікте лайықты танытты.
Дереккөз: Almaty.tv
