Алматы қаласының бала құқығын қорғау басқармасы қызметкерлері кәмелетке толмағандар орналасқан мекемелерге кедергісіз кіріп, олардың құқықтарының сақталуын тексере алады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық бала құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа заң алғаш рет өңірлік уәкілетті органдардың мәртебесін бекітіп, олардың өкілеттіктері мен жұмыс стандарттарын айқындады.
Енді басқарма қызметкерлері алдын ала ескертусіз мемлекеттік органдарға, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге бара алады. Олардың заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Тағы бір маңызды жаңалық — кейс-менеджмент жүйесін енгізу. Қиын өмірлік жағдайға тап болған әр балаға жеке маман бекітіледі. Ол психологтар, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, медицина мамандары мен полиция қызметкерлерінің жұмысын үйлестіреді.
— Бүгін бала жүйемен жалғыз қалмауы керек, бір мемлекеттік органнан екіншісіне өтіп, әр жолы оған көмек қажет екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар баланың айналасына бірігіп, келісілген және жедел әрекет етуі тиіс, — деп атап өтті Жанат Айтпаева.
Басқармамен бірге практикалық жұмысты бала құқығын қорғау орталығы жүргізеді. Бір маман бес мыңнан аспайтын баланы қамтиды, бұл өтініштерге жылдам жауап беруге және қолдау қажет отбасыларды уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Басқарма деректері бойынша, қазір Алматыда 688 887 бала тұрады.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа оқу курстары енгізіледі: 5-7 сынып оқушыларына — «Конституция негіздері», 8-9 сыныптарға — «Заң және тәртіп». Сондай-ақ «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы жаңартылады, оның аясында оқушылар буллинг пен кибербуллингке қарсы тұруға, жеке деректерді қорғауға және төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлыққа үйретіледі.
Қала тұрғындарына зорлық-зомбылық, қатыгез қарым-қатынас немесе балаға көмек қажет кез келген жағдай туралы 111 бірыңғай нөміріне хабарлауға болатынын еске салды.
Бұған дейін Алматыда суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылатыны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz
