
Алматыда Recycle Birge экологиялық акциясы аясында 480-нан астам сынапты шам мен құрылғы жиналды. Олар қауіпсіз қайта өңдеуге жіберілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Recycling Бірге!» қозғалысы ұйымдастырған акция Халықаралық биоалуантүрлілік күніне орай №8 гимназия аумағында өтті. Қала тұрғындары экология және қалдықтарды бөлек жинау мәселелеріне бей-жай қарамады.
Шара барысында алматылықтар қайта өңделетін шикізат пен қайта пайдалануға болатын заттарды тапсырып, кітап және өсімдік алмасуға қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпті қалдықтарды дұрыс кәдеге жаратуға назар аударуға көмектеседі, — деп мәлімдеді «Eco Almaty» ЖШС.
Дереккөз: Almaty.tv