
Алматыдағы 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек ауадан ауыз су алуға мүмкіндік беретін құрылғы жасап шығарды. Бұл технология әсіресе құрғақ аймақтарда су тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Ғылыми жоба халықаралық деңгейде жоғары бағаланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Дананың идеясы – суды жер асты көздерінен емес, ылғалға қаныққан ауадан алу. Қазіргі таңда бұл жоба тек байқау жұмысы емес, нақты қолданылу әлеуеті бар технологияға айналды. Жоба аясында Су ресурстары министрлігімен пилоттық меморандумға қол қойылып, тәжірибелік сынақтарға жол ашылды.
«Құрылғының негізгі компоненті – су молекулаларын ұстауға мүмкіндік беретін наноматериал. Оның артықшылығы – электр қуатынсыз, тек күн энергиясымен жұмыс істейді, сондықтан оны шалғай аймақтарда қолдануға болады. Қолданылатын наноматериал улы емес, оның деградация циклі 5 жылды құрайды. Бес жылдан кейін оны кептіріп, қайта пайдалануға болады», – деді 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек.
2025 жылы Сеулде өткен дүниежүзілік жастар ғылыми олимпиадасында Дана осы жобасы үшін алтын медаль алды. Қазылар алқасы алюминий фумараты негізіндегі наноматериалды қолданатын ылғал жинау әдісін жоғары бағалады.
«Біз әр бала мен мұғалімге жағдай жасаймыз. Барлық мектептерде STEM кабинеттері мен робототехника кабинеттері бар. Осының арқасында балалар өз жобаларын әзірлеп, рәсімдейді, ал мұғалімдер оларға қажетті қолдау көрсетеді», – деді Алмалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бақытбек Қалжанов.
Жас зерттеушінің еңбегі елімізде де назардан тыс қалмады. Дана ұлттық сыйлықтың лауреаты атанып, Алматы әкімінің марапатын алды. Сарапшылар мұндай жетістіктерді мектептегі ғылыми ортаның дамуының нақты нәтижесі деп бағалайды. Дана үшін бұл үлкен ғылымға алғашқы қадам, ол болашақта өмірін ғылыми қызметпен байланыстыруды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Almaty.tv