...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматылық бухгалтер $230 мың жымқырды: Грекиядан экстрадицияланды

Қазақстандық әйелді 230 мың доллар жымқырды деген күдікпен Грекиядан Отанына экстрадициялады. Қазір ол Астана қаласындағы тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2021 жылы әйел Алматыдағы көлік компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп, басшысынан 230 мың АҚШ долларын банк сейфіне орналастырамын деген сылтаумен алған. Алайда анықталғандай, ол ақшаны иемденіп, ізін суытқан.

Осыдан кейін күдіктіні халықаралық іздеу жарияланған. 2024 жылдың маусымында оны Грекия аумағында ұстаған.

Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасы болмағандықтан, экстрадицияны Сербия арқылы транзитпен ұйымдастырған. Бұған Қазақстан елшілігі жәрдемдескен.

Қазіргі уақытта әйел Астана қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылған. Айыпталған қылмыс үшін оған мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру жазасы қауіп төндіріп тұр.

Дереккөз: Inalmaty.kz