
31 мамырдан бастап Қазақстанның ең ірі қаласы мен Польша астанасы арасында тікелей әуе рейсі іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жаңа Алматы — Варшава бағытын Польшаның ұлттық әуе тасымалдаушысы LOT Polish Airlines орындайды. Рейстер аптасына төрт рет заманауи Boeing 737 MAX ұшақтарымен жүзеге асырылады.
Бағыттың ашылуы аясында 1 маусымда Алматыға поляк туроператорлары мен тревел-блогерлерінің делегациясы келеді. Қонақтарға қаламен танысудың қызықты бағдарламасы дайындалған: басты көрікті жерлер мен заманауи туристік инфрақұрылымнан бастап гастрономиялық орындар мен Іле Алатауы тауларындағы демалысқа дейін.
Сондай-ақ поляк туристік индустриясының өкілдері алматылық туроператорлар мен бизнес-қоғамдастықпен кездесіп, бірлескен жобалар мен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылайды.
Қала әкімдігінде атап өткендей, халықаралық әуе қатынасын дамыту Алматының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Маршруттық желіні кеңейту туристік ағынның өсуіне, халықаралық байланыстарды нығайтуға және қаланың Орталық Азиядағы саяхат пен бизнес үшін ең тартымды бағыттардың бірі ретіндегі имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Еске салайық, Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясы Шымкент пен Баку арасында жаңа тұрақты рейстер ашады. Ұшулар 2026 жылдың 16 маусымынан басталып, аптасына екі рет орындалады.
Дереккөз: Inform.kz